Бір топ мәжіліс депутаты Арон Атабекке рақымшылық жасауды қолдады

2006 жылғы «Шаңырақ» оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, соның 15 жылын түрмеде өткізген ақын әрі диссидент Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы ұсынысты Қазақстан парламенті мәжілісінің сегіз депутаты қолдады. Бұл туралы Orda.kz басылымы хабарлады.

3 қыркүйек күні журналист Махамбет Әбжан Арон Атабектің бұрынғы және қазіргі суретін ұстап парламент депутаттарына көрсеткенін, тоғыз депутаттың алтауы ақынды танымағанын айтқан. Журналист жариялаған видеода депутаттардың бірі Берік Дүйсембинов мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне «Рақымшылық жасау» туралы заң жобасы түскенін, соны талқылау кезінде Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы ұсыныс білдіргенін айтқан.

«Жаңа ғана бізде комитет отырысы болды, комитетке қазір “Рақымшылық жасау туралы” заң кірді. Осы заңды талқылау кезінде [ішкі істер] министрінің орынбасары Арыстанғани [Заппаровқа] «Арон Атабек 15 жылын түрмеге берді. Адам өлсе, жазасын өтеген шығар. «Рақымшылық» деген сөздің өзі осы ғой. Осыны пайдаланып, Арон Атабекті неге босатпайсыздар?» дедім. Ол «Саяси көзқарасы үшін отырған адам жоқ» деді. Ресми жауап екенін білесіз ғой. Бірақ мен ескертіп айттым. «Халықтың өкілі болғаннан кейін халықтың сұрағын қойып отырмыз. Сіздер «жоқ» десеңіздер де, халық айтып жатыр. Елді араладық, көңіл-күйін көрдік. Сол кезде саяси сұрақтардың ішінде осы мәселе көтерілді. Министрдің орынбасары осы заңның жұмыс тобында сіздерден ұсыныс түссе, «қарастыруға дайынбыз» деп жауап берді» деді Берік Дүйсембинов журналист Махамбет Әбжанға.

Журналистің «Ұсыныс айтасыз ба?» деген сұрағына депутат «Мен енді мұны «Ақ жол» фракциясымен ақылдасамын (Дүйсембинов мәжіліске «Ақ жол» партиясынан сайланған – ред.). Керек болса, қажетті түзетуді енгіземіз» деп жауап берген.

Осыдан кейін журналист мәжіліс депутаттарына хабарласып, Дүйсембиновтің ұсынысына қалай қарайтынын сұраған. Журналистің Orda.kz сайтында жарық көрген хабарына қарағанда, Дүйсембиновтің ұсынысын жеті депутат қолдаған, тоғызы нақты жауап бермеген, үшеуі қарсы шыққан, қалғаны тілші сауалына жауап бермеген.

Дүйсембиновтің ұсынысын қолдаушылар арасында партияластары да болған. Қолдау білдірген жеті депутаттың екеуі осы партиядан. Олар: партия төрағасы Азат Перуашев пен мүшесі Андрей Линник.

Қазақстанның халық партиясынан (бұрынғы коммунистер) сайланған депутаттар Ирина Смирнова мен Ғазиз Құлахметов те ұсынысты қуаттаған. «Нұр Отан» депутаттары арасында Ерлан Саиров пен Берік Әбдіғали Атабекті босату керек деген.

Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған депутат, Әзербайжандар ассоциациясының төрағасы Әбілфиз Хамедов те Атабекке рақымшылық жасау қажет деген.

«Нұр Отанның» өзге мүшелері Айгүл Нұркина, Снежанна Имашева және Нәзила Раззақ рақымшылық жасау бастамасына қарсы шыққан.

Осының алдында Ұлттық алдын алу тетігі түрмеде жатқан Арон Атабекпен кездесіп, оның ахуала едәуір нашарлағанын айтқан. Оған дейін ақынның денсаулығы нашарлағаны туралы құқық қорғаушы Елена Семенова да мәлімдеген.

2006 жылы 14 шілдеде Алматының іргесіндегі Шаңырақ елдімекенінің тұрғындары «жерді рұқсатсыз иеленіп алдыңдар» деп, үйлерін сүру үшін полиция апарған билікке қарсылық көрсеткен. Қақтығыс кезінде үстіне бензин құйылып, өртелген 24 жастағы полиция қызметкері көз жұмған. Билік оның өліміне сол күні Шаңырақта болған Арон Атабекті кінәлі деп тапқан.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Арон Атабекті «саяси тұтқын» деп таныған.

«Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әзірленген.
15 жыл қамауда отырған жазушы әрі ақын Арон Атабек халінің нашар екенін айтып, шағынып отыр. 18 тамыз 2021 жыл.

https://www.azattyq.org/a/31444608.html?fbclid=IwAR0vCWN2SLn2KhYAVb8jsT8qrDiBN48own05bPU3szReqclma7wSVmCoo_g