Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Астанада Қытай билігіне талап айтқан наразылық өтті 

2 желтоқсанда Астанадағы ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіш алдына Ағыбай Мұханбет, Рәмила Ескен және Гүлзипа Бейсенова келіп, Қытай билігінен қарсы наразылық өткізді.

Олар қолына Шыңжаң өлкесіндегі қар астында қалып қойған мал мен адамдардың суреттерін, Үрімжідегі өртенген көп қабатты үйдің суретін ұстап келді. Кейбірі маңдайына «Стоп геноцид» деген жазу жазылған байлауыш та таққан.

Наразылыққа қатысушылардың бірі Рәмила Ескен «Қытайда қазір коронавирусты желеу етіп, адамдардың бостандығын шектеп отыр, соның салдарынан көп қабатты үйде өрт шыққанда есігін сыртынан бекіткендіктен адамдар тірідей жанып кетті» деді.

Ағыбай Мұханбет Қытайдағы карантин шектеуі салдарынан ата-анасымен байланыс үзіліп, анасының қазасына да бара алмағанын айтады.

– Қытай қазір карантинді сылтау етіп, басқа мемлекеттердің бәрі карантинді аяқтаған кезде қазақтың малын уақытында қыстаудан жайлауға көшірмей міне, қардың астында қамалып жатыр. Бұл – қолдан жасаған қырғын. Мен маңдайыма жазған «Стоп геноцид!» – менің талабым! Қытай үкіметі қазақтарға геноцид жасауды тоқтатыңдар! Сендер адам болсаңдар адам құқығын қорғаңдар! Ақ қағаз көтерілісін, Қытайдағы халықты қолдаймыз! Диктатураға қарсы тұрғанын қолдаймыз! – деді Рәмила Ескен жылап.

Олар өздерімен бірге қырық шырақ пен қырық бетперде, қырық ақ қағаз да әкеліп, шырақ жақпақ болды. Бірақ Астанадағы қатты аяз бен жел шырақ жағуға мүмкіндік бермеді

– Біз сол өрттен қаза болғандардың рухына арнап осы шырақты жаққымыз келген. Қытайда карантин бітсін деп қырық бетперде алып келдік. Қырық ақ қағазды да әкеліп диктатураға қарсы шыққан қытай халқын қолдайтынымызды білдіреміз, – деді Рәмила Ескен.

Ескерткіштің маңына полицияның арнайы жасағы мен автобус тұрды. Бірақ наразылық білдірген үшеудің қасына тек бірнеше полиция өкілі келіп, жиналғандардан «не үшін келіп тұрсыңдар, осыдан соң қайда барасыңдар?» деп сұрады.

Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген «Атажұрт еріктілері» ұйымының мәлімдеуінше, карантин салдарынан Қытайдың Шыңжаң өлкесінде малмен айналысатын Қытай қазақтары биыл жайлаудан қыстауға уақытында көшпегендіктен аяқ асты жауған қалың қардан көп малдары қырылған.

Өткен аптада Қытайдың ірі қалаларында карантин шектеуіне қарсы халық жаппай көшеге шығып, кейін бұл наразылық күшпен басылғаны хабарланды.

 

Гүлзипа Бейсенова, Ағыбай Мұханбет, Рәмила Ескен (солдан оңға қарай) Қытай билігіне қарсы наразылыққа шыққан сәт. Астана, 2 желтоқсан 2022 жыл.

 

Сания Тойкен

 

https://www.azattyq.org/a/32159141.html?fbclid=IwAR1bB8HLVM7Avixf-xk2lKBAUeO7G6PQCrTYkeh-u9XIkgGJkbaBKxgWnew

Поделись, чтобы люди узнали:
.