Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Қарағанды облысында бұрынғы шахтер “ҚДТ жұмысына араласты” деп айыпталды

Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының 58 жастағы тұрғыны, бұрынғы шахтер Бүркітбай Насырханов “Қазақстанның демократиялық таңдауы” және “Көше партиясы” қозғалыстарының жұмысына араласты деген айып тағылды. Қазақстан билігі бұл екі қозғалысты “экстремистік” деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент өз қарарында бұл ұйымдарды “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған.

Тергеудің мәлімдеуінше, Насырханов Facebook желісінде ҚДТ мен оның құрушысы Мұхтар Әблязовтың постарын репост жасап, ҚДТ мен “Көше партиясына” қосылуға үндеген және елді митингіге шақырған. Қазақстан билігі “Көше партиясы” ҚДТ-ға қатысы бар ұйым деп санайды.

Айыптау тарабы Насырханов “қазіргі билікке қарсы негативті пікірлер таратып, қоғам қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жолдармен билікті ауыстыруға шақырды” деп санайды. Прокурор сотта психологиялық-филологиялық сараптама тұрғынның жазбаларынан жұртты митингіге шақыру, билікті ауыстыру нышандарын анықтағанын алға тартты.

– ҚДТ елдегі билікті зорлық-зомбылық жолмен ауыстыруды көздейтіні анықталған. ҚДТ идеологы Әблязов елдегі әлеуметтік мәселелерді – жалақы, коммуналдық қызметтер, коррупция, экологияны көтергенімен, әлеуметтік желілерде шахтер, металлург, мұнайшыларға әлеуметтік араздық қоздыратын материалдар таратады. Осылайша ол шағын мақсаттар арқылы үлкен мақсатына – билікті басып алу мақсатына – жетуге тырысады, – деді прокурор Пірімбетов.

Насырханов әлі сотта жауап берген жоқ. Ол куәгерлерден кейін сөз алмақ.

Айыпталушы өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін айтып, прокурордан нақты не үшін айыпталып отырғанын сұрады.

— Прокурормен, тергеумен маған және менің жұмысыма қатысты жасалған қорытындысымен мүлде келіспеймін. 1999 жылдан бері өз құқығымды және “Қазақмыс” корпорациясының шахтерлерінің құқығын қорғап келемін. Мені нақты не үшін айыптап жатқанын білсем бола ма? Прокурор билікті басып алмақ деп бір мантраны оқып берді. Менің қай әрекетімнен билікті басып алу ниетім көрінді? – деді Насырханов.

4 мамырдағы сотта ол іс материалдарына 2018 жылы жазған постының скриншотын қосуды сұрады. Бұл поста Насырханов ҚДТ қозғалысына мүше емесін, жеке өзі әрекет етіп жүргенін жазған. Прокурор посты іс материалдарына қосуға қарсы болды. Судья бұл скриншотты көретінін жеткізді.

Бұған дейін Насырханов Азаттық тілшісіне ҚДТ-ға қатысы жоғын, заңға қарсы ештеңе жасамағанын, өзінің және шахтерлердің құқығын қорғағанын, елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты (президенттіктен кетсе де, билікке әсер етіп отыр) сынағанын айтқан.

  • ҚДТ қозғалысын 2009 жылдан бері шетелде тұратын, Франциядан саяси баспана алған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Қазақстан соты оны өмір бойына түрме жазасына кескен. Ол бұл жазаның саяси астары бар деп санайды.
  • Қазақстан билігі ҚДТ мен “Көше партиясын” қолдайтындарды жиі қудалап, сотқа тартады. Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды “экстремизмге қарсы заңдарды” қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.
  • Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ҚДТ мен “Көше партиясының” ісіне араласты деп айыпталған немесе күдікке ілінгендердің саны 300-ден асып жығылады.

Елена Вебер

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Насырханов БуркутбайБольше записей в Насырханов Буркутбай »
.