Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Алматыда 20 шақты адамды полиция ұстап әкетті, басқа жерлерде де белсенділер ұсталып жатыр

Алматыда диссидент Арон Атабектің қырқынан шығып келе жатқан 20 шақты адамды полицияның арнайы жасағы ұстап, микроавтобустарға отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен. Бұл жөнінде Азаттыққа белсенді Сүйіндік Алдабергенов хабарлады.

Оның айтуынша, Алматыдағы кафеден шыққан адамдарды полиция жасағы қоршауға алып, “митингке барасыңдар” деген себеппен екі микроавтобусқа күштеп салып алып кеткен. Оларды қай бөлімшеге әкеткені белгісіз. Алдабергеновтың айтуынша, ол жұрттан бұрын шығып, алда кетіп бара жатқан, сондықтан полицейлер оны байқамаған.

Аста болған және бір белсенді Марат Тұрымбетовтің айтуынша, полиция алып кеткендер арасында Айгерім Тілеужан, Дәулет Әбілқасымов, Алмат Жұмағұлов және басқа белсенділер бар. Тұрымбетовтің айтуынша, аста болған адамдар Жаңаөзенде кеше басталған наразылыққа үн қосу үшін алаңға барып, бейбіт жиын өткізгісі келген.

Полиция жасағы Тұрымбетовтің мүгедектігі бар екенін білген соң оны босатып жіберген.

Журналист Ермұрат Бапидің әлеуметтік желіде жазған ақпаратына қарағанда, белсенділер Есенғазы Қуандық пен Әнуар Данияр да Алматы ішкі істер департаментінің әр ауданындағы бөлімшелерге жеткізілген. Белсенді Халелхан Ыбрайымханұлы мінген көлікті көшеде полиция тоқтатып, өзін сол жерде ұстап алып кеткен. Жақтастары оның қайда екенін біле алмай жүр.

Нұр-Сұлтан қаласының екі жерінде наразылыққа шыққан бірнеше адамды полицияның арнайы жасағы ұстап алып кетті. Әлеуметтік желідегі түрлі хабарларға қарағанда, мұндай ұстаулар басқа өңірлерде де болып жатыр. Қазақстанның біраз қаласында күзет күшейтілді.

Алматыдағы Республика алаңы мен Астана алаңын полиция жауып, күзетке алды. Жан-жағынан келген көліктерді алаңға өткізбей, басқа жолға бұрып жатыр. Екі алаң мен оның айналасында полицияның бірнеше жеңіл көлігі және ішінде полиция қызметкерлері бар автобустар тұр. Алаңды не үшін жапқаны және полиция қызметкерлерінің не себептен көбейгені жайлы Азаттық тілшісінің сұрағына полиция қызметкерлерінің бірі “митингіге байланысты күшейтілген режим” деп қысқа жауап берді. Нақты қандай митингі жайлы екенін айтпады.

Кешеден бері әлеуметтік желіде түрлі саяси топтардың белсенділері газ бағасын арзандатуды талап етіп наразылыққа шыққан Жаңаөзен тұрғындарына қолдау көрсету үшін Алматыдағы орталық алаңға жиналуға шақырған.

2 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газдың екі есе қымбаттауына наразы жұрт көшеге шыққан. Кейін Қазақстанның басқа аймақтарындағы белсенділер де бұған үн қосып.

Республика алаңы маңында жүрген полиция өкілдері. Алматы, 3 қаңтар 2022 ж.

Мәншүк Асаутай  “Азаттық” радиосы

https://www.azattyq.org/a/31637318.html?fbclid=IwAR2iwPXZi20-xLWl_j7DictBwBau6tiUSnRf4d_SR4I4F_1FRh0bCoJ_wj0

Поделись, чтобы люди узнали:
.