Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Алматы судьясы журналиске қоқан-лоқы көрсетті

 

2022 жылғы 26 желтоқсанда Алматы қаласындағы Бостандық аудандық №2 сотының өндірісінде Алматы соттары Қаңтар оқиғасына байланысты 25 адамның ісі қарала бастады. Өте ауқымды процесс, судьяның мәлімдемесіне қарағанда бірнеше жүздеген томнан тұрады. Ашық сот ісіне редакция атынан журналисті қатыстыру жөнінде ресми өтініш хат жолданды. Сот бұл өтінішті тіркеп, қанағаттандырды. Бұл сот ісіне тек журналистер ғана емес, құқық қорғаушы ұйымдардың және ЕҚЫҰ өкілдері онлайн қатысып келеді.
Алғашқы сот отырысында бастапқы судья Людмила Бектемірова журналиске видео-фото-аудио жазба жүргізуге рұқсат еткен тұлғалардың (адвокаттар мен сотталушылардың) мәлімдемелері негізінде ақпарат-хабар таратуға болатынын түсіндірген еді. Сонымен қоса, судья журналиске «қоғамдық-жариялы орган өкілдері болғандықтан судьяны, яғни мені және прокурорды видео-фото-аудио таспасалсаңыз әлбетте болады» деп, кеңірек айтып берген. Судья Людмила Бектемірованың 23.12.2022 жылы айтқан бұл сөзінің аудиожазбасын дәлелдеме ретінде 1-қосымша етіп ұсынылады. Бұған қолжетімді сот жазбаларының мұрағатынан да қарап-тексеріп көз жеткізсе болады.
Кейін сот ісін қарау тілі қазақшаға ауысқан соң, процесті судья Дәурен Мәукеев Нұрмұхаметұлы қарайтыны белгілі болды. Арада бір ай өткенде 2023 жылғы 20 қаңтарда жалпы процестің бесінші, ал екінші судья Дәурен Мәукеевтің алғашқы отырысында судья сот тәртібі ережелерін өрескел бұза бастады.
Бірінші судья Людмила Бектемірова сияқты қатысушылардың, соның ішінде журналистер мен ҮЕҰ атынан бақылаушыларды құқықтары мен міндеттерінен хабардар етпеді. Тек журналистің бастамасымен ғана сот қатысушыларының видео-фото-аудио жазба жүргізуге, оны таратуға келісетіні я келіспейтіні жөнінде сұралды. Сотталушылар мен қорғушылар, жәбірленушілер еш қарсы еместігін білдірді. Сол кезде судья Дәурен Мәукеев «Онда битейік, журналистер прокурор мен сотты түсіруге болмайды, қалғандарын түсіре беріңіздер» деп жоқ жерден шектеу енгізіп, жариялы орган өкілдерін түсіруге тыйым салды. Журналист алдыңғы судья Людмила Бектемірованың сот пен прокуратура жариялы-қоғамдық орган, олардың өкілдері қоғамдық лауазым иелері болғандықтан, қызмет бабында (БАҚ туралы заңның 14-бабы) шектеусіз таспалауға болатынын айтқан түсіндірмесін еске салды. Сонымен қоса, судья Дәурен Мәукеевтен ол айтқандай сот пен прокурорды түсірмеуге негіз болатын заңдық-құқықтық құжатқа сілтеме жасап, түсіндіруін сұрады. «Қазір түсіндіремін» деп, сол күйі ешқандай ақпарат бермеді, түсіндірмеді, сөзді басқа арнаға бұрып жіберді. Судья Дәурен Мәукеевтің 20.01.2023 жылы айтқан бұл сөзінің аудиожазбасын дәлелдеме ретінде 2-қосымша етіп ұсынылады. Мұны да жергілікті сот мұрағатында сақтаулы жазба материалдардан алдыртып, көз жеткізуге болады.
Бір сот процесі, ашық сот отырысы. Бірақ екі судья екі түрлі ұстанымда. Бірінші судья Людмила Бектемірова журналисті құқықтары мен міндеті жөнінде толық ақпараттандырып, қатысушылардан видео-фото-аудио жазба жүргізуге келісетіні-келіспейтіні туралы толық ретімен сұрады, сондай-ақ сот пен прокуратура органдарының «қоғамдық-жариялы мекеме» саналатынына баса назар аудара отырып, прокурор мен сотты емін-еркін таспалауға болатынын түсіндірді. Алайда артынан ауысқан екінші судья Дәурен Мәукеев еш заңға сүйенбестен, журналисті тиісінше ақпараттандырмай, судья мен прокурорды таспалауға негізсіз тыйым салды. Осы тыйымның құқықтық-заңнамалық негізін түсіндіруді сұраған журналиске жалған уәде беріп, оны аяқсыз қалдырды.
Осыған дейінгі екі судьяның тұсында да өзін видео-фото-аудио жазба жүргізуге және өзіне қатысты ақпараттар бойынша ашық хабар таратуға рұқсат берген, оны сот залында ашық мәлімдеген сотталушы Ғалымбек Бисаев журналиске келісім берген. 24 қаңтардағы сот отырысында сөйлеген Ғалымбек Бисаевтің мәлімдемесін журналист видеоға түсіріп, келісіміне сай ақпарат жариялады. Себебі бірінші отырыста судья келісім берген тұлғалардың материалдары негізінде хабар таратуға болатынын түсіндірген еді. Редакция осыны басшылыққа алды.
Бірақ 26 қаңтарда тыйымшыл судья Дәурен Мәукеев аталған жарияланым негізінде «сот отырысын түсіре беріңіз, жариялауға болмайды. Тергеу органдары тексеріп жатыр, шешеді. Жариялауға болмайды. Барлығын жазып алсаңыз болады, бірақ жариялауға қатысушылардан рұқсат алу керек» деп, БАҚ өкіліне қоқан-лоқы көрсетті. Судья Дәурен Мәукеевтің 26.01.2023 жылы айтқан бұл сөзінің аудиожазбасын дәлелдеме ретінде 3-қосымша етіп ұсынылады. Мұны да жергілікті сот мұрағатында сақтаулы жазба материалдардан алдыртып, көз жеткізуге болады.
Жоғарыда аталғандай судья Дәурен Мәукеев алғашқы, жалпы процестің бесінші отырысында судьяның өзінен басқа ешкім қарсылық білдірмегенін ескерсек, Мәукеевтің бұл қорқыту сипаты басым ескертуі негізсіз, манипулятивті деп бағалаймыз. Тағы бір уәжінде журналист рұқсат еткен тұлғалар туралы түсірген бейне материалды жариялауға «судья, прокурор, хатшыдан рұқсат алуыңыз керек» деді (3-қосымшада). Бұл да құқықтық негізі жоқ шектеу. Ашық сот отырысында өзін түсіруге келіскен, рұқсат берген адам туралы ақпаратты жариялауға қалайша сот және прокуратура органынан тағы да рұқсат сұрауымыз тиіс, заңда бұл жөнінде нақты талап көзделмеген.
Осыған дейінгі процесс басында бірінші судья Людмила Бектемірова (1-қосымшада) журналиске түсіндірмесінде өзі жөнінде хабар таратуға рұқсат еткен сот қатысушыларының сөздері мен мәлімдемелерін уақытылы жарияланым-шығарылым ретінде жариялауға болатынын айтқан.
3-қосымшадағы аудиожазбада судьяның журналист сөзін тыңдамай, хатшысына «өшіріп тасташы» деп бұйыруы да сот этикасына қайшы. Процеске үнемі қатысатын журналист пен бақылаушылар сот тараптардың сөзін жиі бөліп, ауызын жабуға тырысатынын байқаған.
Жоғарғы сот, ашық сот отырысын өткізіп жатқан бір аудандық соттың бір істі қараған және қарап жатқан судьялары неліктен екі түрлі стандарт ұстанады? Заң бірізділігі мен үстемдігін жеке жағдайға бұра тартуға не себеп? Ашық сот отырысында судья Дәурен Мәукеевтің өзін және прокурорды түсіруге журналистерге тыйым салуын – құқықтық мемлекеттің басты құндылықтары сөз бостандығына, баспасөз еркіндігіне, сот жариялылығына нұқсан келтіруі деп есептейміз.
Айыптау актісінің енді үштен бір бөлігі оқылып жатқан, аса құпия деректер айтылатын кезеңге жетпей жатып судья Дәурен Мәукеевтің журналистерге жасаған бұл қысымы – яғни өзін түсірмеу туралы негізсіз шектеуі мен өзі туралы ақпарат таратуға келіскен тұлғалардың ақпаратын таратуды шектеуі – Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдеде қабылданған N451 «БАҚ туралы заңның» 14-бабын және Жоғарғы соттың 2002 жылғы 6 желтоқсандағы N25 «Қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізу жариялылығы принципін соттардың сақтауы туралы» нормативтік қаулысын өрескел бұзу деп есептейміз. ❗️
Осылайша бейтарап әрі ашық болуға тиіс отандық сот билігінің беделіне нұқсан келтірген судья Дәурен Мәукеев билік лауазымын асыра пайдалана отырып енгізген негізсіз-заңсыз шектеулерін жойып, журналистен кешірім сұрауын және заңға сыйымсыз шектеулерді енгізгені үшін тиісті жауапқа тартылуын сұраймыз. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты/Верховный төрағасы Асламбек Мерғалиевке «The Qazaq Times» www.qazaqtimes.com ақпарат агентігінен сот билігі мен БАҚ саласында қатерлі прецедент қалыптастырған судья Дәурен Мәукеевтің журналистерге қатысты қисынсыз әрекеттеріне құқықтық-заңды баға беруді сұрап, шағым сипатында сұрау хат жолдадық.
Осы мәселеге журналистика жанашыры Международный Фонд защиты свободы слова «Адил соз» «Әділ сөз» қорының назар аударып, есепке алуы да маңызды. Karla Jamankulova және Ғалия Әженова, жағдайды бағалап, журналистикаға қысымды тіркеуді сұраймыз.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, журналистикаға қысым өршіп барады.



 

 

Күлтегін Аспанұлы
Поделись, чтобы люди узнали:
.