Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Адвокат Ғалым Нұрпейісов ҰҚК қызметкерлері үйін тінтігенін хабарлады

Адвокат Ғалым Нұрпейісов ҰҚК қызметкерлерінің әйелі Шалипа Бекқұлованы Шымкенттегі қаңтар оқиғасына байланысты тергеп, 23 сәуірде үйін тінткенін хабарлады. “Ар.Рух.Хақ” құқық қорғау ұйымының заңгері Шалипа Бекқұлованың тергеліп жатқаны үш күн бұрын хабарланған еді.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов пен оның әйелі, заңгер Шалипа Бекқұлованың үйіне ҰҚК-ның Шымкент қалалық департаменті қызметкерлері сенбі күні таңертең келген. Олар Шымкент қалалық тергеу сотының тінтуге санкция бергені жайлы қаулысын көрсеткен.

“Тергеу сотының қаулысында 1995 жылдан бері заңды некеде тұрған әйелім Шалипа Бекқұлованың Шымкенттегі қаңтар оқиғасына қандай да бір қатысы бар деп айтылған. Шалипа Бекқұлова құқық қорғау ұйымының заңгері ретінде міндеттерін атқарып, жұмыс істеген. Ешқандай заң бұзған жоқ. Бұған дейін оны куәгер ретінде тергеген” деді Ғалым Нұрпейісов 23 сәуірде кешке Азаттық тілшісіне.

Шалипа Бекқұлованың тергеліп жатқанын үш күн бұрын “Ар.Рух.Хақ” қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да хабарлаған еді.

Ол Facebook парақшасында “Біз әріптестерімізбен бірге 5 қаңтарда – елде интернет өшіп, тәртіпсіздік басталған кезде – жағдайларын білу үшін Қазақстандағы саяси белсенділерге хабарласып шықтық. Қазір тергеліп жатқандар мен қамалғандардың интернет жоқ болған күндегі мобильді қоңырауларын тексеріп, тергеуге шақырып жатыр” деп жазған еді құқық қорғаушы.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, тергеушілер ештеңе тәркілемеген. Ол мұны “Қаңтар ақиқатын анықтауға тырысып жатқан құқық қорғаушыларға қысым жасау талпынысы” деп бағалады.

“Адвокаттардың үйінде тінту адвокатқа қозғалған қылмыстық іс бойынша жүргізіледі және оған қорғаушы мен адвокаттар қауымдастығының өкілдері қатысуы тиіс. Ал олар әдеттегідей келіп, тінту жүргізді. Сол себепті мұны адвокатқа қысым, сәйкесінше құқық қорғау ұйымына қысым жасау талпынысы деп бағалаймын. Бұл менің пікірім” деді Ғалым Нұрпейісов.

Азаттық тілшісі Шалипа Бекқұлованың өзінен пікір ала алмады.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қалалық департаментінен жауап алу мүмкін болмады.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда түрлі баппен мыңдаған қылмыстық іс қозғалды, жүздеген адам күдікті ретінде қамауға алынды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұнша көп адамның ұсталып, жәрдем сұрауымен алғаш рет кездескен құқық қорғаушылар осыған дейін альянсқа бірігіп, мұқтаж азаматтарға құқықтық көмек көрсете бастаған еді.

Олардың арасында “Ар.Рух.Хақ” қоғамдық қоры да бар. Аталған ұйым Қаңтар қырғынында мерт болғандардың тізімін жасауға алғашқылардың бірі болып кіріскен. Ұйым Қазақстандағы азаматтық белсенділердің құқығын қорғаумен айналысады.

Қазақстанда құқық қорғаушылар жиі қысымға ұшырайды. Осыған дейін халықаралық жиындарда Батыс елдері Қазақстан билігінен құқық қорғаушыларды, белсенділерді, журналистерді қудалауды тоқтатуға шақырған.


Адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Мәншұк Асаутай Азаттық радиосы

https://www.azattyq.org/a/31817788.html?fbclid=IwAR3cRK6y5HMr1LrbD27U7wypdC0HIg0GQddPPq_pA6Q3Fmihm7763MNUr7w

Поделись, чтобы люди узнали:
.