Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Ақтауда екі белсенді “митинг заңын бұзғаны үшін” әкімшілік қамауға алынды

Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын 1 мамыр күні жаппай наразылыққа шақырған тұста жер-жерде белсенділерді ұстау-қамау басталды. 30 сәуірде Ақтауда екі белсенді Ұлбосын Тұрдиева мен Болат Нұрғазиннің әкімшілік қамауға алынғаны белгілі болды.

Ақтаулық белсенді Шолпан Жанұзақованың айтуынша, Ұлбосын Тұрдиеваны полиция 30 сәуірде таңертең жұмыс орнынан алып кеткен.

– Ол бүгін таңертең ғана Маңғышлақ-Алматы бағытындағы жолаушылар пойызының кезекті рейсінен келген еді. Сол жерде оны Мұнайлы ауданық полиция бөліміне алып кеткен. Оны бұрын толтырылған әкімшілік хаттамаға (488-бап 2-тармақ) байланысты соттамақшы, – деген еді Шолпан Жанұзақова жұма күні таңертең.

Бір-екі сағаттан соң Ақтау сотының Тұрдиеваны “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамағаны белгілі болды. Тұрдиеваның адвокаты Әбдіраман Аққұловтың айтуынша, сот белсендіні “20 cәуір күнгі пикеті үшін жазалаған”.

30 сәуірде Ақтау соты “митинг заңын бұзғаны үшін” белсенді Болат Нұрғазинді де бес тәулікке қамаған. Мұны жергілікті белсенділер хабарлады.

Ақтаулық белсенділер 20 наурыз және 12 сәуір күні пикетке шығып, саяси тұтқындарды босатуды, Еуропарламент резолюциясының орындалуын, қымбатшылықты тоқтатуды талап еткен болатын. Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты сол кезде Тұрдиеваны “рұқсат етілмеген пикет өткізді” деп айыптап, 20 наурыз күнгі пикет үшін 50 айлық есептік көрсеткішке тең ( 145 мың теңге немесе 338 доллар) айыппұл салған еді.

Қазақстанда бейбіт митинг өтетіні хабарланған кезде жер-жерде полицияның белсенділерді бөлімшеге шақыруы және қамауы жиілейді.

29 сәуірде жаңаөзендік белсенді Шолпан Өтекееваны да полиция алып кетіп, “профилактикалық әңгіме” жүргізіп босатқан. Дәл осы күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Ракила Бекназарованы 15 тәулікке қамаған. Шымкентте де белсенді Ерғали Құлбаев 10 күнге қамалған. Қазақстанның түкпір-түкпірінде белсенділер үйлерін полиция көлігі күзетіп тұрғанына шағымданды.

Мұхтар Әблязов құрған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” және “Көше партиясы” елде “экстремистік ұйым” ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған, бірақ жақтастары сот шешімдерімен келіспейді. Еуропарламент екеуін де оппозициялық қозғалыс деп атаған.

Қазақстан билігі оппозициялық белсенділер мен бейбіт шеруге шыққандарды ұстағаны үшін жиі сынға ұшырайды. Құқық қорғаушылар Қазақстандағы бейбіт жиын туралы заңның халықаралық стандартқа сәйкес еместігін алға тартады. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт жиын туралы жаңа заңды “қоғамды демократияландыру жолындағы өте маңызды қадам” деп атаған.

Сания Тойкен

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
.