Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Ақтау тұрғыны “ҚДТ чаты” үшін сотталды

“Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының Тelegram чатындағы пікірлері үшін істі болған ақтаулық Абловас Жұмаев үш жылға сотталды. Жұмаев өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

“АЙЫПТАР ДӘЛЕЛДЕНДІ”

Ақтау қалалық сотында қыркүйектің 20-сы күні үкім оқылды. Судья Аралбай Нағашыбаев сот тергеуі кезінде Абловас Жұмаевқа тағылған “ұлттық, рулық, әлеуметтік алауыздық тудырды”, “билікті күштеп құлатпақ болды” деген айыптар “объективті дәлелін тапты” деп санайтынын айтты. Судья түрме жазасын баламалы жазаға ауыстыруға негіз болмағандықтан бас бостандығынан айыруды дұрыс деп тапқан, бірақ отбасы бар екенін ескерген.

Сот үкіміне сай, Абловас Жұмаев үш жылдық жазасын орташа қылмыс мекемесінде өтейді және жазасын өтеу мерзімі қамауға алынған мамырдың 11-інен бастап есептеледі. Бұған қоса, ол қылмыстық сот сараптамасын жасауға кеткен 167 мың теңгені де өтеуі тиіс.

Судья Аралбай Нағашыбаев сотқа дейінгі тергеу кезінде Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің тергеушісі Айдос Қадиевтің жіберген кемшіліктері жөнінде жеке қаулы шығарды. Облыстық ішкі істер департменті тергеушіне қатысты қаулыға жауапты бір ай ішінде Ақтау қалалық сотына беруі тиіс.

Жұмаев бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде тергеу кезінде өзіне қысым жасалғанын айтып, шағымданған.

Сот отырыстарының бірінде авдокаттар Жұмаевтың чатта жазбаларына сараптама жасатқан. Бірақ судья “Әділ сөз” ұйымының Жұмаевтың жазбаларына жасаған сараптамасы жеке маман пікірі болғандықтан іске қосудан бас тартқан.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева Жұмаевты тінту кезіндегі видеода белгісіз адамның оның көлігінің кілтін алып кетіп, кейін әкеп қойғаны байқалғанын, сол сәтте оның көлігіне ҚДТ бағдарламасы бар парақшаларды салып кетуі мүмкін екендігі туралы дәйек ұсынған. Бірақ судья бұл видеоны “негізсіз” деп тапты.

ҮКІММЕН КЕЛІСПЕУ

Абловас Жұмаевтың адвокаты Максим Невеселов сот үкімімен келіспейді. Қорғаушылар сот шешіміне аппеляциялық шағым түсірмек.

– Сот процесінде тінтуге қатысқан куәлердің бірі тінту хаттамаларындағы қол өзінікі еместігін, тінту кезінде полицейлер Жұмаевты қоршап алғандықтан олардың нені алғанын көрмегенін айтты. Бірақ сот бұл туралы ештеңе демеді. Сөздің қысқасы, Жұмаевтың сотталуы біреулерге бір жерге белгі соғып қою үшін ғана керек болып отыр, – деді ол.

Бұған дейін адвокаттар Жұмаевтың өзіне, оның үйі мен көлігіне тінтудің заңсыз жүргізілгенін, онда іске қатысы жоқ адамдардың болғанын айтып, тергеу ұсынған дәлелдерді нақтылауды, Жұмаевтың Тelegram чатындағы хабарламаларына мамандардың қатысуымен кешенді филологиялық-психологиялық сараптама жасауды, екі рет сотты ауыстыруды сұраған. Бірақ олардың өтініштері қанағаттандырылмаған.

Ал Жұмаевтың жұбайы Айгүл Ақбердиева жолдасын кінәсіз деп санайды.

– Ол тек өз пікірін айтты. Егер ауыз ашқанымыз үшін осылай түрмеге қамалсақ, ертеңгі күніміз не болады, – деді ол көзінің жасын сүртіп.

Айгүл Ақбердиева мен Ақтау тұрғыны Жеңіс Бисенғазиевке де Қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-2 тармағы бойынша (“билікті басып алуға шақыру”) іс қозғалған. Айгүл Ақбердиеваға қатысты сот қыркүйектің 24-і күні басталады.

Абловас Жұмаев сот залында отыр. Ақтау, 31 шілде 2018 жыл.
Абловас Жұмаев сот залында отыр. Ақтау, 31 шілде 2018 жыл.

Абловас Жұмаевқа қатысты сот процесі шілденің 31-і басталған. Ол қыркүйектің 18-і болған жарыссөзде әкесінің қазасын естіген соң көңіл-күйінің бұзылып отырғанын айтып, ойын жинақтау үшін сотты бір күнге кейін шегеруді сұраған еді. Сот айыпталушының өтінішін қанағаттандырмаған.

Кейін соңғы сөзінде Абловас Жұмаев өзі тұратын жерде жолдың, судың жоқтығын, билікке елдің наразылығы бар екенін айтқан. Айыпталушы тағылған айыптарды мойындамаған.

 
Абловас Жұмаев сот залында. Ақтау, 31 шілде 2018 жыл.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Абловас Жұмаев соңғы сөзінде айыпты мойындамады

Наурыздың 13-інде Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын “экстремистік ұйым” деп танып, қызметіне тыйым салған.

Сот сонымен қатар ҚДТ материалдарын БАҚ, әлеуметтік желі, мессенджерлер мен сайттарда таратуға, қозғалыс қызметін құптайтынын білдіруге, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жазбаларға “ұнату” белгісін басуға да тыйым салған. Тыйымнан соң елде “қозғалысты қолдады” деген бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

https://www.azattyq.org

 

Поделись, чтобы люди узнали:
.