Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Ақтөбелік құқық қорғаушылар “Еуропарламент қарарын орындауды талап етіп” наразылық пикетін өткізді

11 мамырда құқық қорғаушылар Әлима Әбдірова мен Ольга Климонова Ақтөбе облысы әкімдігінің алдына барып, жалғыз адамдық пикет өткізді. Қала әкімдігі рұқсат берген пикет жергілікті уақытпен сағат 11-де басталды. Әкімдік белсенділердің әрқайсына бір сағаттан уақыт берген. Құқық қорғаушылардың сөзінше, бір адамдық пикет өткізу үшін олар қала әкімдігіне биылдыққа 22 рет хабарлама берген.

Ақтөбедегі Әбілқайыр хан ескерткішінің жанына алдымен құқық қорғаушы Әлима Әбдірова барып, “Соттар мен Назарбаевқа санкция салуын талап етемін!” деген жазуы бар плакат көтерді.

– Бүгін Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқықтары туралы қарар қабылдағанына тура үш ай болды. Еуропарламентте қазақстандық кей шенеуніктерге санкция салу туралы да айтылды. Мен де Қазақстан соттары мен Назарбаевқа санкция салынуын талап етемін! Өйткені тура 37-ші жылғыдай (1937 жылғы сталиндік репрессия кезіндегідей – Ред.) шешім шығаратын соттарды Назарбаев тағайындап отыр. Сол жылдары қазақ зиялылары түгел қаза болған еді. Тірі қалғаны ГУЛАГ-қа жіберілген. Дәл сол кездегідей мына адамдар құқық қорғаушылар туралы мәлімет жинап, үнемі басқан ізімізді аңдиды, – деді Әбдірова өзін бейнетаспаға түсіріп тұрған жігітті нұсқап.

Жай киім киген, қолында шағын камерасы бар азамат наразыларға өзін таныстырған жоқ. Сұрақтарына да жауап берместен, оларды видеоға түсіріп тұра берді.

Белгісіз адам Әлима Әбдірова мен Ольга Климонова өткізген пикетті видеоға түсіріп тұр. Ақтөбе, 11 мамыр, 2021 жыл.
Белгісіз адам Әлима Әбдірова мен Ольга Климонова өткізген пикетті видеоға түсіріп тұр. Ақтөбе, 11 мамыр, 2021 жыл.

Әлима Әбдіровадан соң Әбілқайыр хан ескерткішінің жанына құқық қорғаушы Ольга Климонова шықты. Климонова мен Әбдірова алты жыл бұрын кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілерін қорғаймыз деп жүріп істі болғанын айтты. Сондықтан олар “Қазақстанда балаларды азаптан қорғаудың салдары – өмірлік жаза!” деген жазуы бар плакат ұстап шықты.

– Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросындағы он жылдық тәжірбиеме сүйене айтар болсам, Қазақстанда осындай азаматтық акциялармен ғана бірдеңе өзгертуге болады. Өйткені біздегі мемлекеттік мекемелер, соның ішінде заңның орындалуын қадағалауы тиіс прокуратура да, соттар да жұмыс істемейді, – деді құқық қорғаушы Климонова.

Құқық қорғаушы Ольга Климонова Ақтөбе облыстық әкімдігінің алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Ақтөбе, 11 мамыр, 2021
Құқық қорғаушы Ольга Климонова Ақтөбе облыстық әкімдігінің алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Ақтөбе, 11 мамыр, 2021

Облыс әкімдігі жанындағы пикетті бірнеше адам алыстан қадағалап тұрды. Шектеулі уақыты аяқталған соң құқық қорғаушылар плакаттарын жинап, кетіп қалды.

2015 жылы Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мемлекеттік мекемесі құқық қорғаушы Ольга Климонова мен оның бірнеше әріптесін сотқа берген. Климонова мен Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ – Қазақстанның жабық мекемелеріндегі адамдарды азаптаудың алдын алу үшін құрылған механизм – Ред.) өзге де мүшелері Ақтөбе облысындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығымен танысып, 2014 жылы тамызда оның қорытындысын Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан) жіберген. Құжатта бейімдеу орталығындағы олқылықтар көрсетілген. Оны толтырғандардың бірі Әлима Әбдірованың айтуынша, тексеру кезінде орталықта балалармен жұмыс істейтін психологтың жоқтығы анықталған, құжатта мұнан басқа да заң бұзу фактілері келтірілген.

Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы бұл қорытындымен келіспей, мекеменің “іскерлік беделіне нұқсан келтірді” деп, оны жазған құқық қорғаушыларды сотқа берген. 2016 жылы мамырда Ақтөбе облыстық соты талапкердің шағымын қанағаттандырып, “шындыққа сай келмейтін” мәлімет бергені үшін Ольга Климонова, Әлима Әбдірова мен өзге де құқық қорғаушылардан мемлекеттік мекеме өкілдерінен кешірім сұрауды талап еткен. Белсенділер мұндай шешім шығуына олардың азаматтық ұстанымы және құқық саласындағы жалпы заңсыздық себеп болды дейді.

Әбірова мен Климонова мұндай наразылық шаларын көптен бері өткізіп келеді. Былтыр 14 қыркүйекте олар Ақтөбедегі қала әкімдігі ғимаратының алдына барып, “құқық қорғаушылар мен олардың отбасы мүшелеріне жүйелі түрде қысым жасайтын” билікке наразылық білдірген.

Жанагуль Журсин

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
.