
20 кантарда, Алматыдағы қаңтаршылардың «24+1» соты 5-отырыста қазақша жүргізіле бастады. Судья Дәурен Мәукеев (осыған дейін 2017 жылы Жанболат Мамайға жаза үкімін шығарған) сот отырысын ашқан бетте айыпталушылар мен қорғаушылардың өтініш-талаптарын толық қабылдамады. Отырыс басында абақтыдан үйқамаққа ауыса алмай жүрген, өтініші орындаусыз қалған сотталушының бірі өзіне қол салды.
25 сотталушының біреуі марқұм, бесеуі тергеу изоляторында және 19-ы үйқамақ-қолхат негізінде бостандықта жүргендер.
Абақтыда жылға жуық отырған сотталушы өтініші ескерусіз қалғандықтан өзіне қол жұмсайтынын мәлімдеді. Сот артынан айтуды сұрағанда сол қолының білегін әлдебір өткір затпен тілгіледі. Павлодар тумасы, Алматы тұрғыны 28 жастағы Ерсін Чебентаев қамауда отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 200-бабы 3-бөлігі («Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу») мен 269-1-бабының 3-бөлігі 1-тармағы («Күзетілетін объектіге заңсыз кіру»), 272-бабының 2-бөлігімен («Жаппай тәртіпсіздіктер») айыбы тағылған.
СИ18 абақтысында бір жылдан бері «жаппай тәртіпсіздік» айыбымен отырған 24 жастағы Арман Мырзақұлов өзгелер сияқты сұрауына жауап ала алмаған. Ол «Бір-бірімізді танымаймыз», «Сот көпке созылатыны анық, бес адам осында отырмыз», «Сот ісін қарау кезінде үйден қатысайық, босатсын» деді журналиске.
40 минутқа кешігіп басталған процесс бар-жоғы 40 минутта аяқталды. Жоспар бойынша бүгін өтініш-хаттар қарап, айыптау актісін қазақша оқи бастауы керек еді. Бірақ судья айыпталушылардың өтініш түсіріп, сөйлеп жатқанына қарамай апыл-ғұпыл тұрып кетті.
Бір қызығы, бірнеше ауыр баппен айыпталып отырған сотталушылардың кейбірі үйқамақ-қолхат негізінде үйінен қатысып жатыр. Прокурор неліктен бірдей істерге түрлі бұлтарпау шарасын қолданғаны белгісіз.
Қаңтар оқиғасы – тарихи оқиға. Қаңтар қырғыны жайлы сот істері де тарихи процесс. Бірақ 25 адамның көпшілігі бірін-бірі танымайтынын, жазықсыз айып ілгенін, істемегін мойындамайтынын айтқан. Олар бөтен адамдарға қатыссыз істі біріктіріп ортақ сот процесінде қарауға қарсы. Қаңтаршылар істің ZOOM арқылы онлайн қарау шешімімен келіспейді.
Соттың бірнеше отырысынан хабар таратқан тілші интернет байланысында жиі ақау болатынын, ZOOM ресурсында сөз ретін сақтау қиын екенін көрген. 5 қаңтарда мемлекеттік айыптаушы интернет байланысы нашарлауы себепті сот ісі қаралмай, отырыс кейінге қалдырылған. Адвокат Жалғас Сапарханова бастаған қорғау тарабының өтінішімен енді прокуратура (сот ғимаратына жақын орналасқан) өкілі келіп қатысуға міндеттелді.
Келесі сот отырысы 23 қаңтарға белгіленді. Айыптау актісі енді оқылады.
Култегин Аспанулы